Қапшағай қаласына жаңа әкім тағайындалды
Ол еңбек жолын Алматы қаласындағы стоматолог-дəрігер болып бастаған
Бүгін Алматы облысының əкімі Амандық Баталов Қапшағай қаласының активіне жаңа əкім Нұрлан Құматаевты таныстырды. Бұл туралы Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ең алдымен Амандық Баталов қалалық мəслихаттың кезектен тыс 71-ші сессиясында депутаттармен кездесіп, Қапшағайды бұған дейін басқарған Талғат Қайнарбековтың тындырымды жұмысына ризашылығын білдіріп, бұған дейін Іле ауданы əкімінің орынбасары болған Нұрлан Құматаевқа қаланы дамытуда үлкен міндеттер жүктеді.
«Қапшағай - ерекше қала. Сондықтан кадр іріктеуде біз əрқашан аса салмақты шешім қабылдаймыз. Бұл ретте Талғат Қанатұлы қаланың əлеуметтік-экономикалық дамуында едəуір жұмыстар атқарды. Жаңа кəсіпорындар ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың əл-ауқатын арттыруда оң нəтижелерге қол жеткізді. Негізгі капиталға 8,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Қалаға биылға 4,6 млрд теңге бөлініп отыр. Қалада тұрғын үйлер, демалыс орындары салынып, көл жағалауы абаттандырылды, аулалар қалпына келтірілді, ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Қаланың жаңа басшысының алдында осы істерді, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, Қапшағайдың əлеуметтік-экономикалық дамуын одан əрі жалғастыру міндеті тұр, - деп атап өтті А.Баталов.
Облыс əкімі Қапшағай қаласының жаңа әкіміне алғашқы тапсырмасын беріп үлгерді.
«Қапшағайда ірі өнеркəсіп орындары көп. Олардың жұмысы төтенше жағдай кезінде тоқтаған жоқ. Бұл ретте негізінен зардап шеккен шағын жəне орта бизнес, сондықтан сол салаға қолдау көрсету керек. Қазір облыста 51 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осы кезектегі азаматтарды баспанамен қамтуда жаңадан қабылданған «5-10-20» бағдарламасының тиімділігі зор. Оған қоса «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары арқылы да, сол қатарда жеке құрылыс жүргізушілер есебінен де тұрғын үйлер салу көлемін арттыру керек. Қаланың əлеуметтік- экономикасын көтерудегі барлық игі істеріңе облыс əкімі ретінде қолдау көрсетемін», - деді А. Баталов жаңа əкімге қарата.
Нұрлан Орынбасарұлы Құматаев 1970 жылы туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын стоматолог дəрігер, Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер, Шет тілдер жəне іскерлік карьерасы университетін экономика бакалавры мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы №4 стоматологиялық емханасында стоматолог-дəрігер болып бастаған. Əр жылдарда Іле ауданы Жетіген ауылдық округі əкімінің орынбасары, Іле ауданы əкімі аппараты Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы, Іле ауданы Байсерке ауылдық округі əкімінің орынбасары, Іле ауданы əкімі аппараты Шағын жəне орта бизнес, Жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің бастығы болды.
2016 жылдың ақпанынан - Іле ауданы əкімінің орынбасары.