Валюта айырбастауды ұсынады: шетелде жүрген қазақстандықтарды алаяқтар алдап кеткен
ІІМ ескерту жасады
Ішкі істер министрлігі шетелде жүрген қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғаны туралы ескертіп, олардың схемаларын түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шетелде жүрген қазақстандықтар өзара Telegram және WhatsApp-чаттарын құрып, ақпарат алмасып, бір-біріне көмектеседі.
ІІМ мәліметінше, дәл осыны алаяқтар өз ыңғайына пайдаланып кетуі мүмкін. Олар осындай чаттарға қосылып, өздерін Қазақстан азамат ретінде таныстырып, әдеттегіден тиімді шарттармен валюта айырбастау қызметін ұсынады. Алайда ақшаны ауыстырғысы келетіндерді байланыстырмай, алаяқтар криптовалюта сатумен айналысатын адамдардың немесе дроптардың шоттарын жібереді. Түскен қаражатты алғаннан кейін олар хат-хабарларды өшіріп, чаттардан шығып кетеді.
«Кореяда, Қытайда және АҚШ-та осылай алдау жағдайлары болды. Азаматтарды сақ болуға және күмәнді ұсыныстарды қабылдамауға шақырамыз», – дейді ІІМ.