Алматыда кәсіпкерлерді соққыға жығып, оларды «қамқорлығына» алған күзет қызметі анықталды (ВИДЕО)
Полицияға 10 күдікті жеткізіліп, олардың 6-ауы қамауға алынды
Алматыда қылмыстық ортаның өкілдері болған күзет ұйымының заңсыз әрекеттері анықталып, қызметі жойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, олар қақтығыс жағдайлар мен арандатулар жасау арқылы нысандарды басып алумен айналысқан. Кейіннен олардың «қауіпсіздігін» қамтамасыз еткен.
Мәселен, өткен жылдың 23 қарашасында фигуранттар криминалдық қамқорлық жасау және ықпал ету саласын кеңейту мақсатында караоке-барға басып кіріп, онда мекеменің иесі мен күзетшілерін ұрып-соққан.
Полицияға 10 күдікті жеткізіліп, олардың 6-уы қамауға алынды. 20-дан астам іздеу іс-шарасы жүргізіліп, атыс және суық қару тәркіленді.
«Бұзақылық пен өз бетінше билік етудің бірнеше фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.