Қажылыққа алып барамын: Астанада жұртты алдап 60 млн теңге жинап алғандар сотталып тынды

Олар Instagram арқылы жарнама жариялаған

Қажылыққа алып барамын: Астанада жұртты алдап 60 млн теңге жинап алғандар сотталып тынды
Фото: istockphoto.com

Астанада жалған қажылық ұйымдастырып, 60 млн теңге жинап алған алаяқтар ақыры сотталып тынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, қаланың екі тұрғыны адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы Instagram әлеуметтік желісіне Сауд Арабиясының Мекке және Мәдина қалаларына қажылық сапарын ұйымдастыру жөнінде жарнама жариялаған.

«Қылмыскерлердің уәдесіне сенген қажылыққа барушы 37 азамат оларға жалпы көлемде 60 млн теңге ақша қаражатын тапсырған. Алған міндеттемелерін орындамай, жәбірленушілерден алынған ақша қаражаттарын өз қалауынша жұмсаған. Сот үкімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап арыздары толық қанағаттандырылды», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды сақ болуға және күмәнді тұлғаларға ақша қаражатын бермеуге шақырады.