БҚО-да отбасының шырқын бұзып, жұбайын қорлаған адам қамауға алынды
Бұл жағдай осымен бірнеше рет қайталанған

БҚО-да отбасының шырқын бұзып, жұбайын қорлаған адам заңсыз әрекетін қайталап жасағаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура мәліметінше, 2024 жылғы 30 қазанда Қаратөбе аудандық соты отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес (Құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, тұрғын үйде жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса) ескерту жариялады.
«Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданының прокуратурасы сот актісінің заңдылығын зерделеу барысындағы істі қарау кезінде Е. азаматының отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқықбұзушылықты қайталап жасау фактісі сотпен ескерілмегенін анықтады.
Аудандық прокуратура сот қаулысына апелляциялық өтінішхат келтіріп, қорытындысы бойынша заңсыз сот актісінің күші жойылды.
Нәтижесінде, 2024 жылдың 11 желтоқсанында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқықбұзушылықты жасағаны үшін E. азаматы Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 73-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы қолданылды», - делінген прокуратура хабарламасында.