«Енді Қайрекең жайлы жазбаймын»: Ләйлә Сұлтанқызы өміріндегі өзгерістер жайлы айтты
Ол енді көбірек жұмыс істеп, көбірек ақша табу керек екенін ерекше атап өтті
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы өмірін жаңа арнаға бұрып, жаңа өзгерістер енгізетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Енді ешбір жерде Қайрекең жайлы жазбаймын, архивпен де бөліспеймін деп шештім. Әулетіміздің азаматы, жарым, балаларымның әкесінің есімі тек шаңырағындағы дастарханда ғана айтылып, еске алынғанын қалаймын. Бастысы біздің ниетіміз бен ішкі сезімдеріміз Аллаға аян.
Ұлдарымды да сирек көресіздер. Себебі, екеуі ержетіп, ес жиып қалды. Жеке шекарасы, өз ойы бар азаматтар. Құндылықтары да басқа. Сондықтан, тек олардың рұқсатымен ғана…
Анам – менің жүрегім. Бос уақытымның көбін Дишинкама арнаудамын. Барынша жарқын сәттер, естеліктер, фото/видео көп болса деген ойым ғана… Анам өз анасының фотосын таппай, көзі мөлдіреп, тамағына өксік тығылған талай сәт есімде. Ауыр… мен оны қайталағым келмейді. Сол үшін Дишинканы желіден жиі көресіздер. Ұнамаса, таңдау өзіңізде», - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Ол енді көбірек жұмыс істеп, көбірек ақша табу керек екенін ерекше атап өтті.
«Жеке өмірге келетін болсақ, жеке өмір «жеке өмір» болып қала береді. Бәрі бір Алланың қолында. Мен бұрынғы стереотиптің адамы емеспін.
Жұмыс-көп, екі қолға бір күрек. Адал ақша табуды құдайдан сұраймын, соған әрекет жасаймын. Ал ақша маған көп керек, себебі ұлдар өскен сайын хотелкалары да өсуде.
Жақындарым, таныстарым жақсы біледі, дисциплинаны қатты сақтаймын. Өмірімді жұмыс, спорт, қоғамдық іс, хобби, денсаулық, отбасы болсын барынша баланста ұстауға тырысамын.
Сіздерден бір сұрарым, кеудеміздегі жұдырықтай жүрегімізді негативтен аулақ ұстайықшы. Маған да жан тыныштығы керек», - дейді тележүргізуші.