Қазақстанда инклюзивті білім берудің жаңа стандарттары енгізіліп жатыр
263 млн теңгеден астам қаржы Астана мектептерінде 10 заманауи инклюзивті кабинетті жасауға бағытталды
Елімізде инклюзивті білім берудің жаңа стандарттары қалыптастырылуда. Астана мектептерінде 10 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, онда тек ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер жасалып қана қоймай, ата-аналар үшін де тартымды білім беру орталықтарына айналуда. Инклюзивті кабинеттер тұжырымдамасы «Самұрық-Қазына» қоры инклюзия саласындағы мамандармен бірлесе отырып әзірленді. Осылайша қазіргі заманғы тәсілдер мен әлемдік тәжірибе ескерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы краудфандингтің әлеуметтік салада оң өзгерістерге әкелетін тиімді құрал бола алатынын дәлелдеді. «Samruk Charity Marathon» және «Sk Azil Fest» қайырымдылық шараларының арқасында 154 миллион теңге жиналып, инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі ауқымды жоба бастау алды. Жалпы бұл бастаманы іске асыруға барлығы 290 млн теңге бағытталды.
Қаражаттың негізгі бөлігі – 263 миллион теңгеден астам қаржы Астана мектептерінде 10 заманауи инклюзивті кабинетті жасауға бағытталды. Бір кабинетке орташа есеппен 25 миллион теңге жұмсалды. Қаржыландыру мектептерді жөндеуден өткізуді, кедергісіз орта қалыптастыру үшін бейімдеу жұмыстарын жүргізуді және арнайы жабдықтар сатып алуды қамтыды. Әр кабинетте сенсорлық бөлмелергк, логопедтергк, дефектологтарға және психологтарға арналған аймақтар, қыш шеберханалары, моторика мен когнитивтік дамуға арналған тренажерлер, емдік дене шынықтыру кабинеттері және балалардың оқуына ғана емес, психоэмоционалдық қалпына келуіне көмектесетін «табиғат бұрыштары» бар. Сонымен қатар, кабинеттерде оқытуды барынша тиімді ететін дидактикалық материалдар мен оңалту жабдықтары қойылған.
Қаражаттың 20 млн теңгесі 500 педагогты қайта даярлауға жұмсалды. Мамандар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің заманауи әдістемелерін меңгерді. Нәтижесінде, қазірдің өзінде 500 бала, яғни Астана мектептеріндегі ерекше оқушылардың 16%-ы инклюзивті біліммен қамтылды. Кабинеттер ашылған сәттен бастап мектептерде ерекше балалар санының едәуір өскені байқалады. Ата-аналар балаларын оқытуға, дамытуға және әлеуметтенуге қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалған осы мектептерге белсенді түрде ауыстыруда.
Ауқымды жоба жалғасын табуда. «SK Azil Fest» қайырымдылық шарасынан жиналған қосымша 27 миллион теңгеге 2025 жылы елордада тағы бір инклюзия кабинеті жабдықталады.