$ 530.12  546.08  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ресейдегі инфляциядан қысым жоғары болып тұр»: Ұлттық банк базалық ставканы белгіледі

Ұлттық банк базалық ставкаға байланысты мәлімдеме жасады

«Ресейдегі инфляциядан қысым жоғары болып тұр»: Ұлттық банк базалық ставканы белгіледі
Фото: istockphoto.com

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желтоқсан айында Қазақстанда инфляция 8,6%-ға дейін үдеп, 2024 жылға болжанған 8-9% диапазон шегінде қалыптасты. Қызметтер бағасының жоғары өсуі және тамыздан бастап байқалып отырған азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының жеделдеуі оның динамикасына көптеп үлес қосты. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру мен теңгенің әлсіреуі аясында инфляция күш алып тұр. Сонымен қатар инфляцияның орнықты бөлігінде өсім сақталып отыр. Ол фискалдық ынталандыру жалғасқандықтан сұраныс тарапынан қысым барын көрсетеді. Желтоқсан айында халықтың инфляциялық күтулері, жоғары құбылмалылықты көрсетіп, қайта өсті.

«Әлемдік азық-түлік бағасының жоғары болуына және Ресейде инфляцияның қарқын алуына байланысты сыртқы инфляциялық қысым жоғары болып тұр. Дамыған экономикаларда инфляция соңғы айларда ұзаққа жалғасқан төмендеу кезеңінен кейін біршама өсті. Орнықты инфляция және күшті еңбек нарығы ұзақ уақыт бойы қатаң сыртқы монетарлық талаптардың сақталуына әсер етуі ықтимал. Мәселен, АҚШ ФРЖ қыркүйек айындағы бағалаумен салыстырғанда мөлшерлемелер баяу төмендейді деп күтеді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатордың өсуі ж/ж 6,2%-ға дейін жеделдеді. Бұл экономиканың артық өскенін көрсететін белгі болуы мүмкін. Барлық негізгі салада өндіріс артқаны байқалады. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және көлік салалары жақсы өсім көрсетті. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде динамика тәуір қарқын алғаны байқалады.

Ішкі сұраныс ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түседі және белсенді фискалдық ынталандыруға, ақшалай кірістердің өсуіне, сондай-ақ шикізатқа жатпайтын сектордағы инвестициялардың кеңеюіне байланысты орнықты түрде жоғары қалып тұр. Оны бөлшек сауда мен тұтынушылық кредиттеудің өскені растайды. Ұлттық Банк бақылап отырған іскерлік белсенділік индикаторы 11 ай қатарынан оң көрсеткіш көрсетті», - делінген хабарламада.

Ұлттық банк мәліметінше, проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр. Сыртқы ортадан – олар Ресейдегі инфляцияның жоғарылауына байланысты, ал ішкі ортадан – реттелетін бағалар саласындағы реформаның жалғасуына, әлсіреген теңгенің бағаларға әсер етуіне, фискалдық ынталандыру, тұрақсыз инфляциялық күтулер және тұтынушылық кредиттеудің өсуі кезіндегі жоғары ішкі сұранысқа байланысты.

Айырбастау бағамының әлсіреуі, инфляциялық күтулердің жеделдеуі, сондай-ақ инфляцияның нақты динамикасының өсуі аясында жиынтық ақша-кредит шарттары біршама жеңілдеді. Осыған байланысты негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы жаңартылатын келесі шешімде Комитет инфляцияны 5%-дық таргетке қарай орнықты түрде төмендеу траекториясына қайтару үшін ақша-кредит саясатын қосымша қатаңдату қажеттілігін анықтайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 7 наурызда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Серіктес жаңалықтары