Атырау облысындағы балықтардың қырылуы: тірі қалған 3,2 млн шабақ Жайық өзеніне жеткізілді
Іс-шараларға 40 адам және 7 техника жұмылдырылған
Атырау облысындағы Бақсай су арнасында үш миллионнан астам шабақ балық тұрып қалды. Қазір оларды құтқару жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, Махамбет ауданына қарасты Х.Ерғалиев елді мекені маңындағы Бақсай су арнасында балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасуда.
«Су арнасында балық шабақтарының жиналуы 13 қаңтарда анықталған. Жедел мәліметтерге сәйкес, 16 қаңтарда 1,2 миллионға жуық шабақ құтқарылды.
Салмағы 5-6 грамм болатын құтқарылған қарабалық пен сазан шабақтары тірі күйінде Жайық өзеніне жеткізілуде.
Жалпы, бірнеше күннің ішінде құтқарылған балық шабақтарының саны 3,2 миллионға жетті», - делінген комитет хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, іс-шараларға 40 адам және 7 техника жұмылдырылған.