«Таза бейсенбі»: «AMANAT» партиясы өткізген акцияларға 50 мыңға жуық адам қатысты
Осы уақыт ішінде 90 мың тоннаға жуық қоқыс жиналды
Соңғы 8 ай бойы «AMANAT» партиясының белсенділері мен жақтастары апта сайын мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп жатып. Осы уақыт ішінде 50 мыңға жуық адам өзен жағалаулары, орман алқаптары, өнеркәсіптік аймақтар мен жол бойындағы аумақтардан 90 мың тоннаға жуық қоқыс жинады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен жылдың сәуір айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» науқанын бастауға шақырып, Қазақстанды көгалдандыру мен өңірлердегі аумақтарды қоқыстан тазартуға үнемі назар аудару қажеттігін айтқан еді. Президент бұл бір реттік шара емес екенін ерекше атап өтіп, әр үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да жерлер назардан тыс қалмауға тиіс екенін айтты.
Осылайша, Шығыс Қазақстан облысының Миролюбов ауылдық округінде шамамен 40 адам қар тазалау жұмыстарына шықты. Белсенділер Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштерді мұздан тазалап, ауылдың қарт тұрғындарының аулаларын жинастырды.
«Біздің өңірдегі қыс қатал. Жалғыз тұратын зейнеткерлерге көмектесу қажет. Сондықтан «Таза бейсенбі» тек экологияны қорғау ғана емес, аға буын өкілдеріне қолдау көрсетуді де білдіреді. Бұдан бөлек, биыл Жеңістің 80 жылдығына орай біз қасиетті орындар мен ескерткіштерді ретке келтіріп, жастарға аталарымыз бен бабаларымыздың ерліктерін сақтаудың маңыздылығын түсіндірудеміз», – деді «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аманбай Нұркенов.
Қызылорда облысының партия белсенділері де белсенділік танытуда. Әйтеке би кентінде «Жастар рухы» ұйымының белсенділері мен жергілікті тұрғындар елді мекеннен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолына дейінгі жол бойындағы шамамен 1 тонна қоқысты жинады.
«Бүгінде әлемдегі өзекті әрі маңызды мәселелердің бірі – тұрмыстық қалдықтардың көбеюі. Бұл экологияға үлкен зиян келтіреді, өйткені топырақ пен суды жүздеген жылдар бойы ластайды. Ауыл тұрғындарымен бірге біз бұл акцияға апта сайын қатысуға тырысамыз. Себебі бұл – менің туған жерім. Мұнда әрдайым таза әрі ұқыпты болғанын қалаймын», – деді волонтер Сұлтан Ахметұлы.
Ал Жетісу облысы, Көксу ауданында партия белсенділері мен жергілікті тұрғындар Балпық би ауылындағы Мұсабек Сеңгірбаев атындағы саябақты жинастыруға шықты. Шамамен 30 адам саябақ жолдарын мұздан тазартып, Ұлы Отан соғысының батырына арналған ескерткішті ретке келтірді.
«Біздің ұлы жерлесіміз – өмірін майданда құрбан еткен 28 панфиловшылардың бірі. Бұл ерлікті сақтау және келесі ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз. «AMANAT» партиясының осындай орындарды жинастыруға шақырған үндеуіне жастардың белсене қатысқаны қуантады», – деп бөлісті жергілікті тұрғын Талғат Ғабдуллаұлы.
Айта кетейік, қар мен қоқысты жинау бойынша осындай іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өтті.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 6 маусымынан бастап «AMANAT» партиясының мыңдаған белсенділері мен мүшелері әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясына қатысып, қалалар мен ауылдарды, саябақтар мен скверлерді, ескерткіштер мен су айдындарын қоқыстан тазартып келеді. Бүгінгі таңда республика бойынша 90 мың тонна қоқыс жиналып, акцияға 50 мың адам қатысты. Сонымен қатар белсенділер 100-ден астам өзен, көл мен су қоймаларын тазалады. Жұмысты тиімді жүргізу үшін ластанған аумақтардың карталары әзірленіп, әрбір учаске мәслихат депутаттары, белсенділер және партияның бастауыш ұйымдарының жетекшілері бекітілді. Олар өздеріне бекітілген аумақтардағы тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешуде.