«Мектепте бомба бар»: Ақтауда жалған хабар берген адам қамауға алынды
Күдікті бұрын бірнеше рет сотталғаны анықталды
Ақтауда полиция бомба туралы жалған хабар таратқан күдіктіні ұстады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
16 қаңтарда сағат 04:15 шамасында полицияға Ақтау қаласының 33-шағын ауданында орналасқан №33 мектепте бомба қойылғаны туралы ақпарат келіп түсті.
Оқиға орнына дереу жеткен облыстық полиция департаментінің кинологтары мен полиция қызметкерлері мектеп ғимараты мен оның айналасын мұқият тексеріп, қауіпті заттардың бар-жоғын анықтады. Нәтижесінде ешқандай жарылғыш зат табылмады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында 30 жастағы бұрын бірнеше рет сотталған күдікті ұсталды.
Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес жүргізіліп жатыр.
Полиция жалған хабарламалардың төтенше қызметтерді негізсіз алаңдатып, қоғам қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ауыр құқық бұзушылық екенін еске салады.