Қазақстандықтар былтыр онлайн-сатып алуға 3,2 трлн теңге жұмсаған – министр
2029 жылға қарай электрондық сауда көрсеткішін үш есеге ұлғайту жоспарланып отыр

Қазақстандықтар онлайн-сатып алуға көбірек ақша жұмсай бастады. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша азаматтар 3,2 трлн теңге жұмсаған. Мұндай мәліметті Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство басшысы 2020 жылдан бастап еліміздегі электрондық сауда көлемі бес есеге ұлғайғанын хабарлады. Алайда, бұл әлі де әлемдік орташа деңгейден төмен. Дегенмен, жастар санының көптігін, финтехтің дамуын, интернеттің қолжетімділігін және қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың кең таралуын ескере келгенде, Қазақстанда интернет-сауданы дамытудың жоғары әлеуеті бар.
2029 жылға қарай электрондық сауда көрсеткішін үш есеге ұлғайту және оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл саланы ілгерілету үшін Үкімет онлайн-коммерцияны дамыту жоспарын қабылдады.