$ 517.84  543.11  5.28
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда жаңа үлгідегі 21 мектеп салынып жатыр

Мәжілісмендер «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа үлгідегі мектепте болды

Алматыда жаңа үлгідегі 21 мектеп салынып жатыр
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Айгүл Құспан, Айдос Сарым, Сергей Пономарев және Ринат Зайытов Алматы қаласына сапары аясында Алатау ауданындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжілісмендер «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа үлгідегі мектепте болды. Депутат  Сергей Пономарев бұл мектеп партияның сайлауалды уәделерін іс жүзінде орындап жатқанының айқын көрінісі екенін айтты. Жоба аясында Алматыда бірнеше жаңа мектеп ашылды, ол оқушылардың сапалы білім алу мүмкіндігін арттыра түспек.

«Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, еліміз бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 105-і салынды. Мектеп – болашақ ұрпақтың берік негізін қалайтын жер. Біздің міндетіміз – әр баланың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау. Сондықтан мұғалімдердің кәсіби әлеуеті ғана емес, ұстаздар мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау да маңызды. Бұл мектептер балаларымыздың білім алуы үшін барлық мүмкіндікті беріп отыр», – деді  Айдос Сарым.

Жалпы қала бойынша барлығы 21 жаңа үлгідегі мектеп салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары Мәжілістің және қалалық мәслихат депутаттарының ерекше бақылауында.

Сонымен қатар мәжілісмендер «AMANAT» партиясының бастамасымен салынған отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Медициналық мекеме азаматтарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге, сондай-ақ емханалар жүктемесін азайтуға бағытталған.

«Енді Алатау өңірінің тұрғындары өз үйлеріне жақын жерден медициналық көмек алатын болады. Біз әр пациентке жеке көңіл бөлуге, аурулардың алдын алуға және заманауи құрал-жабдықтармен тиімді емдеуге баса назар аударып отырмыз. Мұндай жобалар қоғамының әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқарады. Жалпы алғанда, денсаулық сақтау, дәрігерлерді жан-жақты қолдау мәселелері президент пен партиямыздың ерекше бақылауында», - деді қалалық мәслихат депутаты Жандос Нәдіров. 

Сондай-ақ, депутаттар жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелерді ортаға салып, Мәжілісте қабылданған заңнамалық құжаттар туралы мәлімет берді.

Депутаттардың сапары Алматы қаласындағы әлеуметтік жобалардың орындалу барысын бақылауға, сондай-ақ тұрғындардың өзекті мәселелерін зерделеп, жүйелеуге бағытталған маңызды қадам болды. «AMANAT» партиясы сайлау алдындағы міндеттемелерін орындауды жалғастырып, еліміздің тұрақты дамуына үлес қосуда.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында былтыр еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынып жатқанын айтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары