Ақмолада жол тазалау талаптарын қадағаламаған 14 басшы жауапқа тартылды (ВИДЕО)
Бірнеше мекеме өкілдері айыппұл арқалады
Ақмола облысында бір күнде жолды тазалау талаптарын қадағаламаған 14 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Полиция басқармасы өткізген рейд барысында бірқатар деректер ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тәртіп сақшыларының айтуынша жол көлік оқиғаларының саны жол сапасына тікелей тәуелді. Тексеріс барысында қар тазалау жұмыстары дұрыс атқарылмайтыны, инертті материалдар үнемделетіні, мұз ойылмайтыны сынды деректер анықталды.
«Полиция департаменті басшылығының бастамасымен Ақмола облысының аумағында қыс мезгілінде автожолдардың күтіп-ұсталуын тексеру бойынша ауқымды рейдтік іс-шаралар жүргізілді, атап айтқанда, жолдарды қардан уақтылы тазарту, көктайғаққа қарсы материал себу, қарды тазалау және шығару деңгейі тексерілді. Бір күнде полицейлер 14 лауазымды тұлғаны, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін, жолға жауапты ведомстволардың басшыларын және темір жол өткелдеріне жауапты ҚТЖ жетекшілерін жауапқа тартты», - делінген құзырлы орган таратқан ақпаратта.
Мысалы, талап бұзу дерегі «Астана – Петропавл» республикалық маңызы бар трассасында анықталды. 95-136 шақырым аралығындағы учаскені күтіп-ұстау жөніндегі талаптарды орындамаған жергілікті Жол пайдалану басқармасының басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы сынды дерек «Алматы-Екатеринбург» халықаралық маңызы бар автожол учаскесінде анықталды.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 43 тексеру жүргізді, барлық анықталған кемшіліктер бойынша нұсқамалар жіберілді және оларды орындау мерзімі көрсетілді.