Ақтөбеде жол белгілеріне бөлінген 272 млн теңге қаражатты жымқыру дерегі анықталды
Іс сотқа жолданды
Ақтөбеде қаласында жол белгілеріне бөлінген 272 млн теңге қаражатты жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ақтөбе қаласының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы» КММ-і директоры қызметін пайдаланып, мемлекеттік сатып алу шарттары негізінде 272 млн теңгеге жол белгілерін салу бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың актілерін қабылдаған. Бұл деректі қалалық прокуратура өкілдері анықтады.
«Директордың әрекеті ҚК-тің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланып (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу), оған қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды», - делінген Ақтөбе облыстық прокуратурасы таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда қылмыстық іс Ақтөбе қаласының №2 сотына жолданды.