СҚО-да зейнеткер жыл сайын балаларға арнап сырғанақ жасайды
Сырғанақтың ұзындығы 150 метр
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында тұратын зейнеткер жыл сайын балаларға арнап сырғанақ жасайды. Демалыс орнына Бескөл ауылының тұрғындары ғана емес, маңайдағы елді мекендер мен облыс орталығынан да меймандар барады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайсар мен Санжар Алматы қаласының тұрғыны. Бескөл ауылына атасы мен әжесіне қонаққа келген. Қыста Қызылжарға жол түссе, ағасымен бірге міндетті түрде сырғанаққа баратынын айтады.
«Жыл сайын қыста Бескөл ауылына қонаққа келеміз. Күн сайын сырғанақты ойнаймыз. Уақытымыз көңілді өтеді», - дейді Санжар Асхат.
Сырғанақтың ұзындығы 150 метрге жуықтайды. Әсіресе демалыс күндері бала көп келеді. Ол – Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ұзын сырғанақтардың бірі.
Юрий Краснопер жарты ғасырға жуық уақыттан бері Бескөл ауылында тұрады. Алғаш рет 2018-шы жылы үйінің жанында үлкен сырғанақ жасаған. Балалардың мәз-мейрам болып ойнап жүргенін көру – қуаныш сыйлайтынын айтады.
«Зейнетке шыққан соң үйде бос жатпайын деп жылда сырғанақ жасауды қолға алдым. Ағаш қаңқасын көктемде бұзып алып, жинап қоямын. Қыста қайтадан сырғанақ жасауға пайдаланамын», дейді зейнеткер.
Биыл Петропавл қаласының «Орман шаруашылығы» ауданыда да әдемі сырғанақ пайда болды. Көршілер бірігіп шырша орнатып, балалар ойнайтын алаңқай жасаған. Аталған ауданда балаларға арналған алаңқай жоқ. Сондықтан сырғанақ жеткіншектердің асыр сала ойнайтын, ал ересектер балалық шағын еске алатын жерге айналған.