Банктер ұшақ апатынан қаза тапқандардың несиесін кешіретін болды
Олар қаза болған жолаушылардың қарызын өз есебінен жаппақ
Әзербайжан банктері мен несиелік ұйымдары 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың несиелерін кешіру жайлы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Report хабарлағандай, бұл жайлы банктер қауымдастығы (ABA) мен Әзербайжан микроқаржыландыру қауымдастығының (AMFA) бірлескен мәлімдемесінде айтылған.
Ақпаратқа сәйкес, қаза тапқандардың отбасыларына деген жанашырлықтан осындай шешім қабылданып отыр.
Несиелерді банк пен несие ұйымдары өз есебінен жабатын болды.
«Баку-Грозный рейсінің экипаж мүшелері мен жолаушыларының қайғылы қазасы бүкіл елді, оның ішінде Әзербайжанның банк қауымдастығын қатты дүр сілкіндірді. Әзербайжан орталық банкінің ұсынысы бойынша ABA және AMFA қаза тапқандардың несиелерін есептен шығарады. Қаза тапқандардың отбасы мүшелеріне көңіл айтамыз және зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектеспіз», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Әуе кемесі Бакуден Грозныйға бағыт алған.