Қарағанды облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан екі күдікті ұсталды
Облыста арнайы операция өтті
Қарағанды облысында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері интернет-алаяқтықпен айналысқан тұлғаларды анықтау және олардың заңсыз әрекеттерін тоқтату бойынша арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Операция барысында Теміртау қаласының 34 және 36 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Оларға абоненттік құрылғылардың идентификациялық кодтарын заңсыз өзгерту, сондай-ақ, бұл үшін арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді құру, пайдалану және тарату айыбы тағылып отыр», — делінген хабарламада.
Тергеу барысында күдіктілердің Теміртау қаласында бір бөлмелі пәтерді жалға алып, онда арнайы жабдық орнатқаны анықталды. Олар әр 10 күн сайын пәтерге барып, пайдаланылатын SIM-карталарды ауыстырып отырған.
«Операция барысында құқық қорғау органдары 232 SIM-карта мен екі SIM-бокс жабдығын тәркіледі. Бұл құрылғылар алаяқтық әрекеттерді жүзеге асыру үшін қолданылған», — делінген материалда.
Сонымен қатар, киберполиция қызметкерлері Қарағанды қаласының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Ол тұрғындарды алдап, әлеуметтік жәрдемақы алуға немесе жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беріп, олардың атына онлайн-кредиттер рәсімдеген. Тергеу барысында оның 11 эпизодқа қатысы бары дәлелденді. Қазір күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.