Астанадағы мемлекеттік орган экс-қызметкерінен артық төленген 20 мың теңгені өндіре алмады
Сот экс-қызметкердің пайдасына шешім шығарды
Астанада мемлекеттік орган бұрынғы қызметкерінен артық төленген 20 мың теңгені қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінді. Алайда сот экс-қызметкердің пайдасына шешім шығарды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy .
«Жауапкер А. 2019 жылдың қыркүйегінде мемлекеттік мекемеге уақытша техникалық қызметкер ретінде жұмысқа қабылданып, 2021 жылдың сәуірінде жұмыстан шыққан. 2023 жылдың шілдесінде мекемеде тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесінде қаржылық заңбұзушылықтар анықталған», — деп жазылған хабарламада.
Тексеріс барысында жауапкерге демалыс және сауықтыру күндеріне артық төленген 20 171 теңге анықталған. Осыған байланысты мекеме бұрынғы қызметкерден бұл қаражатты қайтаруды талап етіп, сотқа арыз берген.
«Сот барысында жауапкер А. бұл ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын мәлімдеді. Ал бірінші сатыдағы сот арыз берушінің талабын қанағаттандырудан бас тартты. Сот Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес, адал ниетті азаматқа берілген қаржы немесе мүлік (мысалы, еңбекақы, авторлық сыйақы, зейнетақы, алимент және т.б.) мақсатты түрде пайдаланса, қайтарылуға жатпайтынын атап өтті», — делінген хабарламада.
Сотта жауапкердің демалыс ақысын жалақы мөлшеріне сай алып, оны мақсатты түрде пайдаланғаны және оның тарапынан ешқандай адал емес әрекеттер анықталмағаны расталды.
Апелляциялық инстанция да бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды деп тауып, жұмыс берушінің шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімі заңды күшіне енді.