Адамның көптігінен жолаушы автобуста қолын сындырып алды (ВИДЕО)
Жолаушы Атырау - Құрмангазы бағытындағы қоғамдық көліктің ішінде жарақат алды
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта әйел адам автобусқа мінбек болған сәтте жарақат алғаны айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрманғазы ауданының әкімшілігі қайда қарап отыр екен? Не масқара мынау? Автобусқа міне алмадық, тырмысып, бір-біріміздің шашымызды жұлып, төбелесіп тындық. Автобусты шығарған екен, неге жағдай жасамайды. Билет сатып, тәртіп орнатпай ма?» – деді жарақат алған әйел.
Бұл жағдайға байланысты Құрманғазы ауданының әкімдігі түсініктеме берді. Мәселе онлайн-билет сатылымының жоқтығынан туындағаны айтылған.
«Онлайн-билет сату мәселесі әлі шешілген жоқ. Жолаушылар Құрманғазыдан шығар кезде билетті автобус жүргізушісінен сатып алулары керек. Ал Атырауда темір жол вокзалының жанындағы сапаржайда сатылады. Бұл – уақытша жағдай. Онлайн платформа 15 жұмыс күнінің ішінде қосылады. Уақытша келеңсіздіктер үшін кешірім сұраймыз», – делінген аудандық әкімдік таратқан мәліметте.