Қарашөкеев Жаңа жылдың демалыстарында бір романды қайта оқып тастаған
Ол биыл облыста «Кітап оқу жылы» дейді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жаңа жылдан кейінгі демалыс күндері немен айналысқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс әкімі биыл Жамбыл облысында кітап оқу жылы екенін атап өтті.
«Кітап – рухани азық, жанымыздың шуағы, болашағымыздың бағдары. Биыл, 2025 жылды Жамбыл облысында «Кітап оқу жылы» деп белгілеу – осы құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған қадам. Жаңа жылдық демалыста мен де уақыт тауып, халқымыздың мақтанышына айналған қабырғалы қаламгер Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романын және поэзияның ақ гүлі атанған Күләш Ахметованың «Құт» атты өлеңдер жинағын қайта оқып шықтым», - дейді облыс әкімі.
Оның айтуынша, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» – тағдырлы ананың ерлігі мен қайсарлығын бейнелеген ғажап туынды.
«Романның басты кейіпкері Айша - шексіз мейірімді, ұрпағы үшін барлығына дайын ана. Оның бейнесі арқылы әйелдің рухани биіктігі мен төзімділігі айқын көрініс табады. Роман сонымен қатар қоғамдағы тарихи оқиғалар мен адамдардың тағдырын шынайы түрде көрсетеді. «Ай мен Айша» – адамның жүрегіне әсер етіп, ананың махаббаты мен қайсарлығын терең сезінуге шақыратын терең философиялық туынды», - деп жазды facebook-тегі парақшасында Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ облыс басшысы «Құт» өлеңдер жинағынан үзінді жазып, жерлестерін кітап оқуға шақырған.