Пұсырманов президент сұхбатындағы 10 тұжырымды атады
Ол мұны үйреншікті дискурс талдаудың көмегімен анықтаған
Ғылым және жоғары білім министрлігі «Мемлекет тарихы институты» мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрбек Пұсырманов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде жарияланған сұхбатына қатысты пікір білдіріп, ондағы ерекше нарративтерді кодтау арқылы маңызды он тұжырымды атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты туралы әлеуметтік және саяси ғылымдардың өкілдері өз интерпретациясын беріп жатыр. Мен де әріптестеріме қосылып, сұхбат мазмұнына қатысты көзқарасыммен бөлісу үшін өзіме үйреншікті дискурс талдаудың көмегімен Президеттің қоғамға айтқысы келген негізгі месседждерді шығаруды жөн көрдім. Сұхбаттағы ерекше нарративтерді кодтау нәтижесінде 10 тұжырымды көрсетуге болады», — деп жазды Пұсырманов.
Ол бірінші мәселе контексттік хабардарлық екенін, президент бұл сұхбатында өткен жылы қоғамды толғандырған барлық мәселе туралы өзінің хабардар екенін көрсеткенін, су тасқыны, теңгенің долларға шаққанда бағамының құнсыздануы, уақыттың ауысуы, Талғардағы ситуация, мемлекеттік тіл т.б мәселелерді атап өткенін жеткізді. Ал екіншісі оптимистік көзқарас екенін айтып, президент өз сұхбатында еліміздің алған бағыты дұрыстығын, көптеген ауқымды жұмыстардың атқарылғанын, кездескен қиындықтар еңсерілгенін, болашағымыздың жарқын екенін дәйектегенін жеткізді.
«Үшінші, салиқалы пікір. Мемлекет басшысы кез келген мәселе туралы айтқанда оң және теріс жағын қатар келтіріп отырған. Сөйлемдердің, параграфтардың құрылымы, экс-президент туралы пікірлері оны айғақтайды. Төртінші, фактологиялық аргументтер. Президент өз ойын аргументтеу үшін өте көп сандық, мәліметтік, ақпараттық фактілер келтіреді. Осы арқылы Мемлекет басшысы саяси жүйедегі барлық ахуал туралы ақпараты барын көрсетті», — деп жазды ол.
Директордың сөзінше, бесінші мәселе қауесеттерді тоқтату болған. Президент соңғы кезде тарап жүрген саяси билікке қатысты кейбір қауесеттер мен өсектердің бір тұтам екенін жеткізді. Президент әзірге биліктің басты институттарында ерте сайлау жоспарланбағанын айтты. Мұндай қауесеттерді тоқтату бизнестің тұрақты дамуы, инвестиция тарту үшін маңызды. Ертең билік өзгерсе не болады деп инвестиция салуға, кәсіп ашуға екі ойлы болып жүргендерге маңызды месседж, деді ол. Ал алтыншысы — ұстанымның тұрақтылығы. Оның сөзінше, Қ. Тоқаев өз ұстанымының саяси конъюнктураға, әр түрлі жағдайға байланысты құбылмайтынын, көзқарасының іргетасы тұрақты екенін жеткізді. Оны жауапкершілік, әділдік пен заң үстемдігі, РФ-Украина жағдайы т.б туралы пікірлері арқылы тағы жария етті.
«Жетінші, заңның сақталуы. Сұхбатта Президент демократиялық құндылықтарды орнату деп заңды аттайтындарды, Талғардағы жағдайды саясиландырғысы келгендерді т.б. жерлерде батырып сөйледі. Басқа жерлерде де заңның бұзылуына қандайда жағдайда жол берілмейтінін жеткізді. Сегізінші, азаматтардың, әсіресе жастардың тіршілікке бейім болуы. Мемлекет басшысы жастардың заман талабындағы өзгерістерге бейім, трендтерге ашық болуын ерекше атап өтті», — деп жазды Пұсырманов.
Ол тоғызыншы тақырып ретінде айналаның тазалығын атады. Президент табиғат пен ортаның тазалығына өте қатты мән беретінін баса атап өтті. Ал оныншысы практикалық-прагматикалық мінез-құлық екенін жазды. Пұсырмановтың сөзінше, Қ. Тоқаев осы сұқбатында өзінің теориялық білімге қарағанда практикалық тәжірибеге, ораторлық қабілетке қарағанда түсінікті тілге, нарцистік мінезге қарағанда сауатты коммуникацияға ие тұлғаларды ұнататынын байқатты.
«Жалпы, әңгіменің мазмұнына қарап, Қ. Тоқаевтың не себепті халыққа ойын жеткізудің тәсілдері арасында газетке сұхбат жанрын ұнататыны байқалады. Бұл жанрдың ерекшелігі сұхбат беруші қойылған сұраққа жан-жақты ойланып, әрбір сөйлемін елеп-екшеп, өз ойын нақты және анық жеткізуге мүмкіндік береді. Мұның артықшылығы сұхбат берушінің түпкі идеясын, фундаменталды көзқарасын бағалауға көмектеседі», — деп жазды ол.