Қазақстанда алдағы үш күнде қар жауып, күн суытады
Көптеген өңірде жел күшейеді
Қазақстанда 4-6 қаңтар аралығында жауын-шашын (қар, жаңбыр) болып, температура төмендейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамы бойынша, батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерге Солтүстік Атлантикадан келген циклон әсер етеді. Оның фронтальды бөліктерінде қар, жаңбыр және жаңбырлы қар түріндегі жауын-шашын болады
«6 қаңтарға қарай ел аумағына суық ауа массалары тарала бастайды. Бұл температураның айтарлықтай төмендеуіне әкеледі. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерге Каспийдің оңтүстігінен келген циклон әсер етеді. Ол жауын-шашын (жаңбыр мен қар) әкеледі. Ал 5-6 қаңтар күндері орталық және шығыс аймақтар антициклон ықпалында болады. Бұл аймақтарда негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады», — деп жазылған хабарламада.
Көптеген өңірде жел күшейіп, тұман, көктайғақ және қарлы жаңбыр болады.
Ауа температурасы келесідей төмендейді:
- Батыс өңірлерде түнде -12°С-тан -3°С-қа дейін, күндіз -8°С-тан -3°С-қа дейін;
- Солтүстік-батыста түнде -4°С-тан -15°С-қа дейін, күндіз -2°С-тан -12°С-қа дейін;
- Солтүстікте түнде және күндіз -2°С-тан -10°С-қа дейін;
- Орталықта түнде -5°С-тан -13°С-қа дейін, күндіз 0°С-тан -10°С-қа дейін;
- Шығыста түнде -10°С-тан -25°С-қа дейін, күндіз -5°С-тан -13°С-қа дейін;
- Оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнде 0°С-тан -10°С-қа дейін, таулы аудандарда -13°С-тан -20°С-қа дейін, күндіз -3°С-тан +8°С-қа дейін, таулы аудандарда -3°С-тан -8°С-қа дейін.
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтау, сапарлардан бас тарту және метеорологиялық болжамдарды қадағалап отыру ұсынылады.