Құтқарушылар шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті — Тоқаев Ақтаудағы апат туралы

Автор: Дәулет Ботагөз

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат берді

Фото: ТЖМ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Ақтаудағы ұшақ апаты туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Желтоқсанның соңғы күндері Ақтау қаласында Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 38 адам қаза болды, оның ішінде еліміздің 6 азаматы бар. Ауыр жарақат алғандар да көп. Мұндай сәтте әрбір секунд қымбат. Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық. Мен құтқару жұмыстарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жанашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды», — деді президент.

Ол ұшақ апатының себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын атап өтті. Сонымен бірге 17 халықаралық сарапшы шақырылғанын айтты. 

«Оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының және Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары бар. Үкімет комиссиясы мәліметтің бәрі жазылған арнайы құрылғыны сол ұшақты жасаған Бразилия еліне жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам тергеу жұмыстарының объективті әрі бейтарап жүргізілуіне қажетті бірден-бір дұрыс шешім екеніне сенімдімін», — деді Тоқаев.

Айта кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қорытындыларына тоқталып, еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтқанын жазған едік. Сонымен қатар ол елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесетке жауап берді. Сондай-ақ Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы да айтты және қазақ тілі туралы өзекті мәселелерді қозғады. Әрі Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бергенін, тергеу ашық жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидасына тоқталып, Талғардағы оқиға туралы пікір білдірді және уақыт белдеуі туралы айтты.

Сонымен қатар жаңа құрамы жасақталғанына 11 ай болған Үкіметтің жұмысына баға берді, әрі сыбайлас жемқорлық туралы айтты. Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бұдан бөлек екінші, тіпті үшінші АЭС салынуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтып,  Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр деген ақпаратқа нүкте қойды. Сондай-ақ 2024 жылы болған су тасқынына тоқталды.