Елімізде мерзімінен бұрын пар­ламент сайлауы бола ма?

Автор: Дәулет Ботагөз

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат берді

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр деген ақпарат туралы айтып, «Мерзімінен бұрын пар­ламент сайлауы бола ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Әрине, парламенттік басқару жүйесі де жұмыс жүргізуге қақылы. Бұл жүйе Еуропадағы, тіпті Азиядағы бірқатар елде әбден орнығып, тамырын тереңге жайған. Бірақ биліктің әмбебап формуласы жоқ. Әр мемлекет саяси жүйесін таңдаған кезде төл тарихына, ұлттық болмысына, саяси тәжірибесіне сүйенеді. Менің аппаратым әлемдік тәжірибені мұқият зерделеп жатыр. Посткеңестік елдерде парламенттік басқару жүйесі жақсы қырынан көріне алған жоқ деген пікірге келісесіз деп ойлаймын. Грузиядағы соңғы оқиғалар осы пайымға нақты дәлел бола алады», — деді ол.

Президент мемлекеттік биліктің саяси жүйе­сін таңдау – айрықша жауапты шешім екенін, мұндай шешімдер үркердей топтың оңаша басқосуында емес, тек қана жалпыхалықтық референдумда қабылдануы керек екенін айтты. 

«Менің «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдамам Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы тұжырымдама екеніне сенімдімін. Бірақ оны толығымен жүзеге асыру үшін біз әлі талай жұмыс істеуіміз керек. Президенттік басқару тәсілі Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенемін.  Мемлекетіміздің тұрақты әрі орнықты дамуына зияны тиетін шешім қабылдауға менің де, сіз бен біздің де еш қақымыз жоқ. Мұндай мәселеге байланысты қателікке жол беруге болмайды. Түптеп келгенде, Конс­титуцияға енгізілген өзгерістің бәрі – Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және, ең бастысы, заң үстемдігінің басымдыққа айналуы – осының барлығы саяси тоқырауға ұшырамауға сенімді кепілдік береді», — деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент «Елімізде мерзімінен бұрын пар­ламент сайлауы бола ма?» деген сұраққа жауап берді.

«Мұндай болжамдар бар екенін білемін. Бұл ақпарат әдейі таратылып жатыр деп ойлаймын. Біздің елде жаңа Үкімет жұмысына кіріскен бетте оның отставкаға кететіні туралы әңгіме тарайды. Парламент туралы да дәл солай деуге болады. Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Ал Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым. Оның құрамында түрлі жағдайға, оның ішінде «Amanat» партиясының және Парламенттегі басқа да партиялардың ұстанымына байланысты өзгерістер болуы мүмкін.
Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді», — деді Тоқаев.

Оның сөзінше, Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты. Ал Үкімет бекітілген бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес әрекет етіп, оң нәтижеге жету үшін жұмыс істеп жатыр. Стратегия­лық міндет – тұрақты әлеуметтік-­экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еліміздің өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайту деді президент.

Айта кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қорытындыларына тоқталып, еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтқанын жазған едік. Сонымен қатар ол елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесетке жауап берді. Сондай-ақ Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы да айтты және қазақ тілі туралы өзекті мәселелерді қозғады. Әрі Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бергенін, тергеу ашық жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидасына тоқталып, Талғардағы оқиға туралы пікір білдірді және уақыт белдеуі туралы айтты. Сонымен қатар жаңа құрамы жасақталғанына 11 ай болған Үкіметтің жұмысына баға берді, әрі сыбайлас жемқорлық туралы айтты. Сондай-ақ президент екінші, тіпті үшінші АЭС салынуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын жеткізді.