Билет 15 мың теңге: Петропавл-Астана рейсін орындайтын әуе компаниясы анықталды
Ұшақ аптасына бес рет ұшады
Петропавлда Астана мен Шымкент бағытындағы рейстерді орындайтын әуе компаниялары белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Петропавловск.news-ке сілтеме жасап.
«Петропавл – Астана – Петропавл бағыты бойынша рейсті орындау конкурсын «Qazaq Air» акционерлік қоғамы жеңіп алды. Ұшақ аптасына бес рет ұшады, ал билет құны өзгеріссіз қалып, 15 мың теңге болады», — деп жазылған хабарламада.
Петропавл – Шымкент – Петропавл бағыты бойынша қызмет көрсету құқығын SCAT әуе компаниясы жеңіп алды. Дегенмен, бұл рейстің кестесі әлі жарияланған жоқ, ал билеттер сатылымға шықпады.
Сонымен қатар Алматы – Петропавл – Алматы бағыты бойынша тендерге қатысуға өтінімдер болмағандықтан, конкурс өтпеген деп танылды. Сондай-ақ, Өскемен – Қарағанды – Өскемен, Көкшетау – Ақтау – Көкшетау, Түркістан – Ақтау – Түркістан, Түркістан – Орал – Түркістан және Қызылорда – Көкшетау – Қызылорда бағыттарындағы конкурстар да өтпеген деп саналып отыр.