Түркістан облысында аудан әкімдігі бір қоқыс жәшігін 64 мың теңгеге сатып алмақ болған
Шенеуніктер мемлекеттің 14,5 млн теңгесін жұмсауды жоспарлаған
Түркістан облысы Қаратау ауданының әкімдігі бір қоқыс жәшігін 64 мың теңгеге сатып алмақ болған. Шенеуніктер осылайша мемлекеттің 14,5 млн теңгесін жұмсауды жоспарлапты. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер мұндай бассыздықтың жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Отырар.тв арнасына сілтеме жасап.
Антикордың мәліметінше, мемлекеттік сатып алуда мемлекет қаржысын оңды-солды жұмсамақ болғандар қатарында әкімдік қызметкерлері ғана емес екен. Тіпті балабақшалар да әртүрлі тауарлардың бағасын көтеруді ұнататыны байқалған.
«№65 «Балбұлақ» мемлекеттік балабақшасы 2 млн теңгеге 500 бума ксерокс қағазын сатып алуды жоспарлаған. Ұсынысты ескере отырып, мектепке дейінгі мекеме сатып алу көлемін 100 бумаға дейін және тауар бірлігінің бағасын нарықтық 1880 теңгеге дейін төмендетті. Үнемделген қаржы 1,8 млн теңге», - деді Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Алексей Колосков.
Бұдан өзге мемлекеттік сатып алуға қатысатын кәсіпкерлер үшін шенеуніктер әртүрлі әкімшілік кедергілерді ойлап тауып жүрген көрінеді. Антикор құрылысқа қатысы жоқ жұмысқа құрылыс-монтаж жұмыстарын сатып алу арқылы жеткізушілерге «артық» біліктілік талаптарын енгізген жағдайларды да анықтаған. Мәселен, ведомство қызметкерлері Еңбекші ауданында жолдарды жарықтандыру кезінде бірқатар заң бұзушылықтарды анықтапты. Аудан әкімдігі бұл жұмыстарға шамамен 1 млрд-тан астам теңге жұмсауды жоспарлаған.
«Мысалы, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының 1,1 млрд теңге сомасына жолдарды жарықтандыруды орнату жөніндегі лотта тапсырыс беруші Еңбекші ауданының әкімдігі мен мемлекеттік сатып алу басқармасы атынан «электр жабдықтары мен ұқсас аппаратураларды жөндеу/қайта жаңарту жөніндегі жұмыстар» кодын, яғни құрылыспен байланысты емес жұмыстарды негізсіз қолданды. Бұл конкурстық құжаттамаға әлеуетті өнім берушілердің Шымкентте жарықтандыру тіректерін, кронштейндерді, жұмыстарды жүргізуге арналған шамдарды жөндеу жөніндегі арнайы станоктармен жабдықталған өндірістік базасының болуы туралы шарттарды қосуға мүмкіндік берді. Іс жүзінде құрылыс-монтаж жұмыстары сатып алынды және «көше жарықтандыру жүйелерін салу бойынша жұмыстар» коды қолданылуы керек еді», - деді Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Алексей Колосков.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің еріктілері іске араласқаннан кейін мемлекеттік сатып алу басқармасы аталған барлық сатып алулардың күшін жойған. Ал бес аудан әкімдігі қалалық бюджетке 2,5 млрд теңге қайтарып берді. Мұндай жағдайлар көп дейді ведомство өкілдері. Сөздерінше, бүгінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тізімінде алғашқы орында құқық қорғау органдары мен білім беру саласы тұр.
Айта кетейік, биыл антикор спорт, әлеуметтік қорғау, жер қатынастары және сәулет, автожолдарды салу және жөндеу салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 5 сыртқы талдау жүргізді.