Жетісу облысында полицей прокуратура қабырғасында тамырын кесіп, суицид жасамақ болды (ВИДЕО)
Ол өзіне тағылған айыптарды негізсіз санап отыр
Жетісу облысында полиция қызметкері өзіне тағылған айыпты негізсіз санап прокуратура қабырғасында тамырын кесіп, суицид жасамақ болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналист Сандуғаш Дүйсенованың жазуынша, мұндай қадамға қамауға алу мерзімі ұзартылған соң барған.
«Бүгін Жетісу облысының прокуратурасы ғимаратында полицей Ғалым Дәурен ұйымдасқан қылмыс пен қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптауды негізсіз санап, наразылық ретінде өз-өзіне қол жұмсамақ болды.
Полиция қызметкері оң қолының тамырын кесіп тастады.
Тергеу оның шетелден жеткізілген көліктерді заңдастырудың заңсыз схемаларына қатысы барын айтып отыр. Алайда Дәуреннің адвокаттары және оның өзі тағылған айыптар ойдан шығарылған және ешқандай дәлелді негіз жоқ деп есептейді», - деп жазды Сандуғаш Дүйсенова.
Журналистің мәліметінше, қайғылы жағдайдың алды алынды. Қазір ер адам дәрігерлердің бақылауында.
Әзірге прокуратура оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.