Екі айдан бері жұмысқа бармадық – «Теңізшевройл» компаниясының өкілі
Теңіз кенішінде індет өршіп тұр

Кеше Атырау облысындағы Теңіз кенішінде коронавирус індеті өршіп тұрғанын еліміздің бас санитары ресми мәлімдеді. Тіпті, жағдай тұрақталмаса, кеніш жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін айтты. Айжан Есмағанбетова 20 мамырда өткен брифингте кеніште COVID-19 жұқтырғандар саны 935 адам деген болатын. Ал бүгін кеніштің басына суыт жеткен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз кенішіндегі 25 жатақханада тұратын 42 мекеменің 709 жұмысшысы COVID-19 инфекциясын жұқтырғанын айтты.
Azattyq Rýhy тілшісі америкалық алпауыт корпорацияда жұмыс істейтін маманмен тілдесіп, компанияда қандай ахуал қалыптасқанын сұрап көрді. Аты-жөнін атамауды өтінген азамат қазақ мұнайын игеріп жатқан ірі компанияда 10 жылдан бері жұмыс істейді.
«Америкалықтар төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет етіп, азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға аса мән береді. Кен орнында вирус жұқтырған жұмысшылардың «Теңізшевройл» компаниясына тікелей қатысы болмауы мүмкін. Яғни, жергілікті мердігер компания өкілдері болуы да ықтимал»,- дейді ол.
Дереккөздің айтуынша, компания өкілдері наурыз айының ортасынан бері жұмысқа шықпаған.
«19 наурызда елімізде төтенше жағдай жарияланды. Ал 24 наурызда «Теңізшевройл» компаниясы карантинге байланысты вахталық кентке еркін кіріп-шығуға тыйым салды. Осылайша, жұмысқа бара алмай қалдық. Үйде оқшауланып жатырмын. Дегенмен, екі айға жуық жалақымызды уақытында беріп отыр. Толық төлемесе де, 50 пайыз жалақы алдым. Жұмысқа қашан шақыратыны белгісіз. Әлі күнге хабар күтіп отырмыз», - деді ол.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан