Астанада ер адам бір күнде екі көлік ұрлаған
Күдіктінің мас күйінде болғаны анықталды
Астанада ер адам бір күн ішінде екі автокөлікті ұрлап, полицияның қолына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Полицияға екі автокөлік иесі ұрлық туралы арыз берген. Тергеу барысында құқық қорғау органдары күдіктінің мас күйінде болғанын анықтады. Ол төрт бөтелке сыра ішіп, тұрғын үй ауласында тұрған ашық есікті «Lada Vaz» көлігін байқап, кілт тауып, көлікті жүргізген», — деп жазылған хабарламада.
Бірінші көлікпен жүріп келе жатқан күдікті, кейін «Газель» маркалы автокөлікті көріп, оның есігі де ашық тұрғанын байқап, басқа көлікке отырған. Бұл көліктің де кілті тұтқасында қалған.
Ұрланған көліктерді анықтаған полиция Байқоңыр ауданының патрульдік қызметімен бірлесіп, күдіктіні ұстап, екі автокөлікті иелеріне қайтарды.
«Күдікті өз кінәсін мойындады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген полицияның мәлімдемесінде.