Жамбыл облысының тұрғыны еңбек кітапшасындағы қате үшін зейнетке шыға алмады
Құқығын қорғау мақсатында азамат сотқа жүгінуге мәжбүр болды
Жамбыл облысының тұрғыны еңбек кітапшасында тегінің қате жазылуына байланысты зейнетке шыға алмады. Бұл туралы облыстық соттың ресми сайты жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жуалы ауданының тұрғыны 1985-1998 жылдары аудандағы «П» кооперативінде түрлі мамандықтар бойынша жұмыс істеген. Алайда, зейнетақы рәсімдеу кезінде Зейнетақы төлеу орталығы еңбек кітапшасында тегінің қате жазылуын негізге алып, зейнетақы тағайындаудан бас тартқан», — деп жазылған материалда.
Құқығын қорғау мақсатында азамат сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Жуалы аудандық соты оның өтінішін қарап, заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы азаматтық істі қарады.
Сот барысында еңбек кітапшасының өтініш берушіге тиесілі екенін растайтын архивтік анықтама ұсынылды. Құжатта оның аты-жөні мен «П» кооперативінде жұмыс істеген жылдары көрсетілген.
Сот талапкердің өтінішін қанағаттандырып, еңбек кітапшасының оған тиесілі екенін мойындады. Бұл шешім азаматқа зейнетақы рәсімдеуге мүмкіндік береді.