$ 523.86  544.34  5.11
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда жыл басынан бері 250-ден астам адам өндіріс орнында көз жұмды

Енді жұмыс берушілерге қойылатын талап күшейді

Қазақстанда жыл басынан бері 250-ден астам адам өндіріс орнында көз жұмды
Фото: istockphoto.com

Жыл басынан бері Қазақстанда 1 232 өндірістегі жазатайым оқиға тіркелді. Оның 251-і адам өлімімен аяқталды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, оқиғалардың 24%-ы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан болған.

«Бұл жай ғана сандар емес. Бұл – біреудің өмірі. Біреудің отбасы әкесіз, анасыз, ұлсыз қалды. Мұның бәрі кездейсоқ емес, бұл – қауіпсіздік ережелеріне көз жұму салдары.

Ең қорқыныштысы не? Еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғандардың жартысынан көбі тек ескерту алады. Ал егер бұл бұзушылық адамның өмірін қиып кетсе ше? Сол адамның отбасы алдында кім жауап береді?

Мұны өзгерту керек болатын. Біз оны өзгерттік. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгіздік. Қызу талқылаудан кейін олар қабылданды. Енді ескерту болмайды. Тек нақты және әділ жазалар болады», - дейді депутат.

Асхат Аймағамбетов сөзін жалғай отырып, енгізілген өзгерістер туралы айтты

  1. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ескертулер мүлдем алынып тасталды.
  2. Айыппұлдар көлемі артты:
  • алғашқы бұзушылық үшін – 20-дан 120 АЕК-ке дейін;
  • қайталанған бұзушылықтар үшін – 40-тан 240 АЕК-ке дейін.

Неліктен бұл маңызды?

  • Бұл «айыппұлмен ақша жинау» емес. Бұл – әділдік және адам өмірін қорғау.
  • Адал жұмыс берушілерге алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл нормалар тек қауіпсіздікті елемейтіндерге қатысты.

«Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу енді жазасыз қалмайды. Қызметкерлер қауіпсіз еңбек жағдайына лайық. Ал мұны түсінбейтіндер заң алдында жауап береді», - деп сөзін аяқтады «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары