Тұтынушылар құқығының бұзылғаны туралы шағымдар жыл сайын артып келеді — зерттеу
Қазақстанда ауқымды әлеуметтанулық және аналитикалық зерттеу жүргізілді
Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша «Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы» қоғамдық бірлестігі ауқымды әлеуметтанулық және аналитикалық зерттеу жүргізді. Бұл зерттеу елдегі тұтынушылар құқығын қорғау саласының қазіргі жай-күйін, негізгі мәселелерін және оларды шешу жолдарын айқындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тұтынушылар құқығының бұзылуына қатысты шағымдар саны жыл сайын артып келеді. 2020 жылы 21 мың шағым тіркелсе, 2023 жылы олардың саны 50 мыңға, ал 2024 жылы 56 мыңға жеткен. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға келіп түскен шағымдар саны да күрт өскен: тек 2024 жылдың 9 айында 121 мыңнан астам өтініш тіркелген», — деп жазылған зерттеуде.
Шағымдардың артуы кейбір экономикалық салалардағы жүйелік мәселелерді көрсетеді. Ең жиі кездесетін шағымдар:
- Бөлшек сауда– 38,6%;
- Электрондық сауда– 23%;
- Тұрмыстық қызметтер– 9%.
Сонымен қатар, қаржы қызметтері (шағымдардың 182,1%-ға өсуі), білім беру (121,1%) және туризм (116,8%) салалары ерекше назар аударуды талап етеді.
Сарапшылардың пікірінше, тұтынушылардың сапаға деген талаптарының артуы заңнаманы жетілдіруді және бизнестің тұтынушылар қажеттіліктеріне деген көзқарасын өзгертуді қажет етеді.
«Қазіргі тұтынушылар сапаға жоғары талап қояды. Бұл заңнаманы жетілдіруді ғана емес, бизнестің клиенттерге деген көзқарасын өзгертуін талап етеді», – деп атап өтті комитет мамандары.