Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Пәкістан азаматтары жазаланды
Олардың мақсаты Азия елдерінде жұмысқа орналасу болған
Жамбыл облысында Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен бес Пәкістан азаматы сотталды. Бұл туралы Қордай аудандық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2024 жылдың маусым айында Пәкістан азаматтары Қырғызстан аумағында болып, Қазақстанға шекаралық бекеттерден тыс жерден заңсыз өткен. Олардың мақсаты Азия елдерінде жұмысқа орналасу болған. Қазақстан шекарасын кесіп өткен соң, олар Алматыға бет алған. Дегенмен құқық қорғау органдары оларды Алматыда ұстаған», — деп жазылған хабарламада.
Сотта барлық айыпталушылар кінәсын толық мойындады. Олардың заңсыз әрекеттері айғақтық көрсеткіштермен, бейнежазбалармен, заттай дәлелдермен және басқа да іс материалдарымен расталды.
«Қылмыстық әрекеттердің сипаты мен қоғамдық қауіптілік деңгейін ескере отырып, сот әрқайсысына алты айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оларды Қазақстаннан бес жыл мерзімге шығаруға шешім қабылданды», — делінген хабарламада.
Қордай аудандық сотының мәліметінше, 2023 жылы дәл осындай 20 іс қаралып, 68 Пәкістан азаматы сотталған. Ал 2024 жылы осыған ұқсас 11 іс бойынша 67 Пәкістан азаматының ісі тіркелген.