Димаштың Польшадағы жанкүйерлері поляк-қазақ тілашар кітабын шығарды
Кітап шығару идеясы «Димаш радиосында» өткізілген қазақ тілі курстары аясында басталды

Димаш Құдайбергеннің Польшадағы жанкүйерлері «поляк-қазақ тілашарын» шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Dimashnews сайтының мәліметінше, кітап Димаштың жанкүйерлерін қазақ тілінің негіздерімен таныстырып қана қоймай, әртүрлі иллюстрациялардың арқасында оқу процесін жеңілдетеді. Авторлардың пікірінше, шағын кітап саяхатшылар үшін Қазақстанның көркем жерлерімен танысуға пайдалы нұсқаулық сонымен қатар, Димаштың жанкүйерлерін оның мәдениетін тереңірек зерттеуге шабыттандырады.
Кітап шығару идеясы «Димаш радиосында» өткізілген қазақ тілі курстары аясында басталды. Радио тыңдармандары осы курстың арқасында Қазақстанға сапар шегу сияқты тақырыптарда негізгі сөздер мен сөз тіркестерін үйренді. Курстар алматылық оқытушы Беглан Шарымбаевтың көмегімен өткізілді. Ол фан-клубқа сабақ өтіп, қазақша дұрыс сөйлеуді меңгеруге көмектесті.
Оқуды жеңілдету үшін поляк тіліндегі қазақ сөздерінің фонетикалық транскрипциясын дайындау – осы оқу процесінің ерекшелігі болды. Уақыт өте келе қатысушылар барлық жинақталған материалды біріктіріп, кітап шығару туралы шешім қабылдады.
Сөздікті әзірлеуге: қазақ тілі оқытушысы – Беглан Шарымбаев; иллюстратор – Ивона Опара-Стахолец; корректор – Ула Влодарск; қазақ тілі курстарының авторы, сонымен қатар, жүргізушісі – Тереза Конкол қатысты.
«Бұл жұмысымызды мақтан тұтамын. Димаштың поляк фан-клубы оның шығармашылығына қолдау көрсетіп қана қоймай, қазақ тілін кеңінен насихаттайтындығының тағы бір дәлелі болмақ», – дейді Тереза Конкол.