Байқоңырда шетелдік полицейге пара бермек болған тұрғын сот алдында жауап берді
Оған 21 780 теңге көлемінде айыппұл салынды
Байқоңыр қалалық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 367-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасаған азаматқа қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталушы К. полиция қызметкері С.-ның шет мемлекеттің лауазымды тұлғасы екенін біле тұра, әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында оған 400 рубль (Қазақстан Ұлттық Банкі бағамы бойынша 2178 теңге) көлемінде пара ұсынған.
Сотталушы К. әрекеті шет мемлекеттің лауазымды тұлғасына пара беруге оқталу деп танылды. Мұндай әрекет орташа ауыр қылмыс санатына жатады және қылмыстық заңнамаға сәйкес, өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру, пара сомасының оннан жиырма есеге дейінгі мөлшерінде айыппұл салу, не үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
«Сот үкімімен К. кінәлі деп танылып, оған мүлкі тәркіленбестен, 21 780 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ сотталушы өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», - делінген хабарламада.