Шымкентте жартылай жалаңаш күйде жарнамаға түскен азамат сотталды
Оған 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қоғамдық тәртіпті бұзған азаматқа қатысты істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2024 жылдың қараша айында Е. Шымкент қаласындағы Әл-Фараби алаңында орналасқан «Shymkent Plaza» сауда үйінің алдында жартылай жалаңаш күйде жарнамаға түскен. Бұл әрекет төңірегіндегілерге құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған деп танылды.
Іс материалдарына сәйкес, құқық бұзушылық Е.-нің түсініктемесі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және бейнежазбалар арқылы дәлелденген.
Сот отырысында Е. өз кінәсін мойындап, өкінішін білдіріп, соттан қатаң жаза қолданбауды сұрады.
«Сот Е.-нің әрекетін құқық бұзушылық ретінде бағалап, оның қасақана жасалғанын анықтады. Осыған орай, оған 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Бұл іс қала тұрғындарының қоғамдық тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған ескертпе ретінде қарастырылуда», - делінген хабарламада.