Бокстан Азия чемпионатында еліміздің әйелдер құрамасы бес алтын медаль иеленді
Жарыс Таиланда елінде өтті
Елдана Тәліпова Чиангмайда өткен бокстан Азия чемпионатының финалында жеңіске жетіп, Ұлттық құрамының қоржынына бесінші алтын медальді сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sport+ сайтына сілтеме жасап.
81 келіден жоғары салмақ дәрежесінде шешуші жекпе-жекте қазақстандық спортшы өзбекстандық Олтина Сотимбоевамен жұдырықтасты. Елдана барлық үш раундта айқын басымдық көрсетіп, Азия чемпионы атанды.
Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы бұл құрлықтық жарыста бес алтын медаль жеңіп алды. Бұған дейін Виктория Графеева (60 кг дейін), Аида Әбікеева (63 кг дейін), Наталья Богданова (70 кг дейін) және Гүлсая Ержан (81 кг дейін) алтын медаль иегері атанған еді.
Сонымен қатар Айгерім Саттыбаева (48 кг дейін), Жазира Орақбаева (52 кг дейін), Ұлжан Сәрсенбек (57 кг дейін), Милана Сафронова (66 кг дейін) және Диана Мағауияева (75 кг дейін) Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды.