«Сүйіктім, несие алшы»: Өскеменде әйел адамды бұрынғы жігіті несиеге «отырғызып» кетті
Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Өскеменде әйел адамды бұрынғы сүйіктісі несиеге «отырғызып» кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, ол 10 млн теңге несие алдырған. Алаяқтық туралы өтінішпен облыс орталығының 27 жастағы тұрғыны жүгінген.
Әйел адамның айтуынша, бұрын бірге тұрған жігіті түрлі сылтаумен бірнеше рет ақша сұрап, оны белгіленген мерзімде қайтаруға уәде берген. Ал сұраныстарының сомасы үнемі өсіп отырған. Оған көмектесу үшін жәбірленуші өз атына банктерден бірнеше несие рәсімдеген. Нәтижесінде жалпы шығын шамамен 10 млн теңгені құрады.
Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің бұрын да ұқсас қылмыстар үшін сотталғаны анықталды. Полиция азаматтарға жақындарынан немесе таныстарынан өтініштер келіп түссе де, ақшаны беру кезінде мұқият және сақ болуды ескертеді.