«Адамдардың алғысы»: Атырауда су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектескен итті атып кетті
Жануарды құтқару мүмкін болмаған

Атырауда су тасқыны кезінде жергілікті тұрғындарға көмектескен итті атып өлтіріп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Су тасқынында бөгет салуға көмектескен ит осыған дейін әлеуметтік желіде көпшіліктің көзайымына айналған.
Атырау облысы Махамбет ауданы Сартоғай ауылында Пшөн есімді ит арқасына құм салынған дорбаларды тасып, жергілікті тұрғындарға қолғабыс жасаған.
abdulla_kz_kz парақшасының мәліметінше, итті атып кеткен, жануарды құтқару мүмкін болмады.
«Біздің ит ауладан шығып кеткен еді. Жақын маңда ит аулау қызметі жүрген, олар оны көріп, неге екені белгісіз, атып тастапты. Танымай қалған шығар», - деді иттің иесі.
Желі қолданушылары төрт аяқты жануардың өліміне қатысты түрлі пікір білдіріп жатыр:
«Үйдің иті екені көрініп тұр ғой. Кешір бізді Пшөнжан, адамзатқа жасаған жақсылығың алдыңнан шықсын», «Адамдардың алғысы», «Адамды аямайтын қоғам сені аясын ба?», «Пшөн кешір бізді. Қазір Қазақстанда адамды да аямайды», - деп жазды желі қолданушылары.