Жезөкшелердің құқығын қорғайтын жаңа заң қабылданды: оларға енді жәрдемақы да беріледі
Әлемде бірде бір ел Бельгия сияқты жезөкшелердің құқығын қорғамайды
Бельгия жезөкшелердің құқығын қорғайтын жаңа заң қабылдады. Заң сондай-ақ жыныстық қызмет көрсету бағытындағы жұмыс берушілерге де тиісті талаптар қояды: олардың рұқсат алуы, қатаң қауіпсіздік ережелерін сақтауы және сексуалдық зорлық-зомбылық немесе адам саудасы үшін соттылығы болмауы тиіс. Бұл туралы Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бельгиядағы жезөкшелер енді ресми еңбек келісімшартын жасап, басқа мамандықтар сияқты еңбек құқығын ала алады. Жаңа заң сондай-ақ олардың негізгі құқықтарын, оның ішінде клиенттерден бас тарту және кез келген уақытта қатынасты тоқтату құқығын белгілейді.
Бұл қадам 2022 жылы жезөкшелікті декриминализациялау туралы шешім қабылдағаннан кейін жасалды.
Жаңа ережеге сәйкес, жезөкшелікпен айналысатындар медициналық сақтандыруға, ақылы демалысқа, бала күтіміне байланысты жәрдемақыға, жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға және зейнетақыға қол жеткізе алады. Заңнама сондай-ақ жұмыс уақытына, жалақыға және қауіпсіздік шараларына қатысты ережелерді белгілейді.
«Бұл алға қарай жасалған керемет қадам. Бұл Бельгия мемлекеті олардың мамандығын заңды деп танитынын білдіреді. Жұмыс берушінің көзқарасы бойынша бұл да революциялық болып есептеледі. Олар секс-жұмыскерлерді жалдауға үкіметтен рұқсат алу үшін өтініш беруі керек.
Алдыңғы заңнамаға сәйкес, егер сіз біреуді секс-индустрияда жұмыс істеуге тартсаңыз, екі тараптың келісімі бойынша болса да, сіз автоматты түрде сутенерге айналатын едіңіз. Енді олар жұмысшыларды жалдау үшін мемлекеттен рұқсат алуға ресми түрде өтініш бере алады», - деді заң жобасын әзірлеуге көмектескен Espace P адвокаттық тобының үйлестірушісі Исабель Джарамилло
Енді жұмыс берушілер рұқсат алуы, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы және жыныстық зорлық-зомбылық немесе адам саудасы үшін соттылығы болмауы керек. Олар таза төсек-орын, мүшеқап және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіп, жұмыс орындарында шұғыл шақыру түймелерін орнатуы керек.
Агенттік мәліметінше, Германия мен Нидерланд сияқты елдер жезөкшелікпен айналысуды заңдастырғанымен, Бельгия сияқты еңбекті қорғауды жаппай енгізген жоқ.