Еуроодақ Украинаға Ресейдің бұғатталған активтерінен ай сайын 1,5 миллиард еуро бөлетін болады
Бұл қаражаттың бір бөлігі әскери мақсаттарға да пайдаланылуы мүмкін
Жексенбі күні жаңа тағайындалған Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Кошта, ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас және кеңею мәселелері жөніндегі комиссар Марта Кос Киевке ресми сапармен барды. Бұл – олардың жаңа қызметтегі алғашқы шетелдік сапары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.
Кошта 2024 жылдың соңына дейін Еуроодақ Украина бюджетіне қосымша 4,2 миллиард еуро бөлетінін мәлімдеді. Сондай-ақ 2025 жылдың қаңтарынан бастап Еуроодақ Ресейдің бұғатталған активтерінен алынған кірістерден Украинаға ай сайын 1,5 миллиард еуро беріп тұратынын айтты. Бұл қаражаттың бір бөлігі әскери мақсаттарға да пайдаланылуы мүмкін.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге қарсы күресте қосымша қару-жарақ жеткізуді сұрап келеді. АҚШ-та Дональд Трамптың президенттікке қайта сайлануы Еуроодақта және басқа да елдерде АҚШ-тың Украинаға әскери көмегі бәсеңдейді немесе мүлдем тоқтайды деген алаңдаушылық тудырған.
Бұған дейін Трамп Байден әкімшілігінің Украинаға миллиардтаған доллар көмек беру шешімін сынға алып, соғысқа 24 сағат ішінде тоқтау салады деп мәлімдеген болатын. Кейбір сарапшылар оның Ресейге өткен Украинаның аумақтарын беру үшін Киевке қысым көрсетуі мүмкін екенін болжауда.