Ресейге кіру кезіндегі биометрия: «Сырым» өткізу бекетінде кептеліс болуы мүмкін
Бұл өзгерістер Ресей азаматтарына қолданылмайды
Ресейге кіру кезінде биометриялық мәліметтерді тіркеу 1 желтоқсаннан басталды. Осыған байланысты Қазақстан шекарашылары «Сырым» өткізу бекетінде көлік қозғалысы қиындауы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» сайтына сілтеме жасап.
Биометрия тапсыру рәсімі Мәскеу әуежайларында және Қазақстаннан Самараға шығатын Орынбор шекара бекетіндегі «Маштаково» өткізу пунктінде жүргізіледі.
«Орынбор облысы бойынша РФ Шекара ведомствосының ресми ақпаратына сәйкес, 2024 жылғы 1 желтоқсаннан бастап "Маштаково" халықаралық автомобиль өткізу бекетінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін фотосурет пен саусақ іздерін тіркеу міндетті болды. Осыған байланысты "Сырым" (Қазақстан) және "Маштаково" (Ресей) автомобиль өткізу бекеттерінде жеңіл және жүк көліктерінің қозғалысы уақытша қиындайды. Өткізу бекеттерінде кептеліс орнау мүмкін. Мемлекеттік шекарадан өту кезінде көлік кептелісін болдырмау үшін балама маршруттарды, яғни «Ақсай», «Шаған» және «Тасқала» өткізу бекеттерін пайдалануды ұсынамыз», – деп хабарлады БҚО бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі.
Бұған дейін Ресей үкіметі шекарадан өтетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін биометриялық мәліметтерді (бет-әлпет суреті мен саусақ іздері) тіркеуді міндеттейтін қаулы қабылдаған болатын.
Бұл халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын әдіс, мысалы, шенген визасын алу кезінде. Қосымша мәліметтер қауіпсіздікті арттыруға көмектеседі. Алайда бұл өзгерістер Ресей азаматтарына қолданылмайды.
Келесі санаттағы адамдарға биометрия тапсыру міндеттелмейді:
- Беларусь азаматтары;
- 6 жасқа дейінгі балалар;
- Ресейдегі шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері;
- Халықаралық ұйымдардың қызметкерлері мен олардың өкілдіктерінің аккредиттелген мүшелері және олардың отбасы мүшелері.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда азаматтық авиация саласында биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл жүйе арқылы жолаушылар қауіпсіздік бақылауынан саусақ ізі немесе көз торы арқылы өтіп, жеке куәлік көрсетуден босатылады.