Ақмола облысында 15 күн бұрын жоғалып кеткен жігіттің денесі табылды
Жігіттің жоғалғаны туралы полицияға 19 қараша күні хабарланған

Ақмола облысында 24 жастағы мүгедектігі бар жігіт Андрей Рябконың денесі табылды. Ол екі апта бұрын із-түссіз жоғалып кеткен еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жігіттің жоғалғаны туралы 19 қараша күні хабарланған. Туыстарының айтуынша, ол 14 қарашада жоғалып кеткен. Алайда жақындары бес күн бойы өз беттерінше іздеу жұмыстарын жүргізіп, тек бесінші күні ғана полицияға жүгінген», — деп жазылған хабарламада.
Жоғалған жігітті іздеу үшін арнайы топтар құрылды. Полиция қызметкерлері, волонтерлер мен жергілікті тұрғындардан құралған топтар жақын маңдағы ормандарды, далаларды және ауылдарды түгелдей тексерді. Іздеу аумағын кеңейту үшін дрондар мен қызметтік автокөліктер қолданылды.
«30 қарашада іздеу тобы жоғалған жігіттің денесін тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, оның өліміне үсік шалу себеп болуы мүмкін. Дәл себептері сот-медициналық сараптама нәтижесінде анықталады», — деді полиция өкілдері.