Батыс Қазақстан облысындағы шекарада жүк көліктері ұзын-сонар кезекте тұр
Кезек бірнеше шақырымға созылған

Батыс Қазақстан облысында жүк көліктерінің жүргізушілері Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекарада бірнеше шақырымға созылған кезектерге шағымданды. Жүргізушілердің айтуынша, әсіресе демалыс күндері шекарадағы «Маштаково» бекетінде жағдай күрт нашарлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» порталына сілтеме жасап.
«16 сағат бойы «Маштаково» бекетінде тұрдым. Жүргізушілердің айтуынша, бұл жағдайға қазақстандық шекарашылардың жұмысы себеп. «Бейтарап аймақ» толығымен көліктерге лық толы. Ресейлік посттан Қазақстанға өту үшін екі сағат бойы кезекте тұрдым. Қазақстандық тарап Ресейге қарай алты қатар көлік өткізеді, ал кері бағытта тек бір қатар ғана жұмыс істейді. Осылайша, Қазақстанға кіретін көліктердің кезегі шексіз болып тұр. Бұл мәселе қашан шешіледі?» – дейді бір жүргізуші.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, ұзын-сонар кезектердің негізгі себебі – Ресейдегі «Маштаково» шекара бекетінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстары. Бұл жөнінде қазақстандық тарап алдын ала ескерту жасаған.