Абай облысының мұғалімі Ники Минаждың альбомына саунд-продюсер болды
Бұған дейін ол әлемге танымал Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты жұлдыздармен бірлесіп жұмыс істеген
Абай облысындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаттың биология пәнінің мұғалімі Ерқанат Садуханов (творчестволық лақап аты – @eraholic) әлемдік деңгейдегі ірі музыкалық жобаға қатысып, Ники Минаждың «Pink Friday 2» делюкс-альбомының саунд-продюсері атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ерқанат бұл жаңалығымен бөлісіп, 2024 жылғы 13 желтоқсанда тыңдарман назарына ұсынылатын альбомның ерекше туынды болатынын айтты. Бұл шығарылым Ники Минаждың 2023 жылы шыққан түпнұсқа альбомының бір жылдық мерейтойына арналып, жаңа әндермен толықтырылады.
Бұған дейін @eraholic әлемге танымал Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты жұлдыздармен бірлесіп жұмыс істеп, шығармашылығымен кеңінен танылған. Ерқанаттың айтуынша, мұндай жобалар оған ұстаздық қызметі мен музыкаға деген құштарлығын қатар алып жүруге мүмкіндік береді.
«Ерқанат Садуханов – біздің аймақтың ғана емес, бүкіл Қазақстанның талантын әлемге танытып жүрген ұстаз. Оның музыка саласындағы жетістіктері біздің ұстаздарымыздың жан-жақты қабілетін көрсетіп, шәкірттерге үлкен мотивация береді. Мұндай жетістіктер білім мен шығармашылықты үйлестірудің үздік үлгісі болып табылады», – деп мәлімдеді Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі.
Ники Минаж – хип-хоп әлеміндегі ең табысты орындаушылардың бірі. Ол халықаралық деңгейде көптеген марапаттарға ие болған, жақында Эминемді басып, әлемдегі ең көп қаралған рэп-орындаушы атанды. Ал Ерқанаттың шығармашылық жетістіктері қазақстандық таланттардың жаһандық музыка индустриясында өз орнын таба алатынын дәлелдейді.