Қазақстан мен Қытай: ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 1 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімшарт жасалды
Тараптар органикалық өнімдерді өндіру, астық экспорты және мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша өзара тиімді әріптестікті дамыту жолдарын талқылады

Қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) кәсіпорындары Қытайдың жетекші компанияларымен 1 млрд АҚШ доллары сомасына келісімшарт жасасты. Бұл келісімдер Бейжіңде өткен ірі бизнес-кездесу барысында жүзеге асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде екі елдің агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері талқыланды.
Министрдің айтуынша, Қытай Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарындағы басым серіктестерінің бірі болып табылады.
«Қытай нарығы біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміз үшін ерекше қызығушылық тудырады. Өткен жылы Қытайға астық жеткізу көлемі 5,5 есеге артып, 1,4 млн тоннаға жетті. Бұл көрсеткішті жақын арада 2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға Қазақстанның әлеуеті толық жеткілікті», – деді Айдарбек Сапаров.
Кездесу барысында екі жақ органикалық өнімдерді өндіру, астық экспорты және мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша өзара тиімді әріптестікті дамыту жолдарын талқылады.
ҚР-ның үздік кәсіпорындарының бірі «Aitas.kz» қытайлық серіктестерімен 100 млн АҚШ долларына құс өнімдерін жеткізу туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар, басқа қазақстандық компаниялар бидай, өсімдік майы және ет өнімдерін экспорттау туралы маңызды шарттарға қол жеткізді.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша қазақстандық компаниялар Қытайдың 10 жетекші кәсіпорнымен меморандумдарға қол қойды. Бұл мәмілелер қазақстандық ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін нығайтып, салаға жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы бұл әріптестік ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырып, әлемдік нарыққа шығу жолында жаңа белестер ашады.