Алматыда тікелей эфир кезінде бейәдеп сөз айтқан ер адам 5 тәулікке қамауға алынды
Сот қаулысы заңды күшіне енді
Алматыда телебағдарламаның тікелей эфирі кезінде бейәдеп сөз айтқан ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Сотта белгілі болғандай, 2024 жылдың қазан айында Ш. телеарна ғимаратында тікелей эфир барысында қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, әдепсіз сөздер айтқан.
«Сотта Ш. өз кінәсін мойындап, іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растап, арандатушылыққа ұшырап, эмоцияға беріліп кеткенін мәлімдеді. Сот қаулысымен Ш. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 тәулікке қамауға алу түріндегі (немесе 20 АЕК көлемінде айыппұл) әкімшілік жаза тағайындалды», - делінген хабарламада.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.