$ 516.93  542.52  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қоғамдық палатада жаңа Салық кодексінің жобасы талқыланды

Талқылау барысында бизнес-қоғамдастық өкілдері мен сарапшылар өз ұсыныстарымен бөлісті

Қоғамдық палатада жаңа Салық кодексінің жобасы талқыланды
Фото: Ж.Жұмабеков

Бүгін Алматыда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Жиынға палата төрағасы Айдос Сарым жетекшілік етіп, Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Олар жаңа Салық кодексінің жобасын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырысқа  Қоғамдық палата мүшелерімен қатар Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты.

Айдос Сарым Салық кодексінің жобасын талқылауға арналған жиынды Алматы қаласында өткізудің маңыздылығына тоқталып, мұнда барлық деңгейдегі бизнес шоғырланғанын және кәсіпкерлер белсенді жұмыс істейтінін атап өтті.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында салық заңнамасы мәселелерін Үкімет пен Парламентте жан-жақты талқылап, қажетті шешімдер шығаруды тапсырғанын еске салды.

– Қыркүйек айынан бастап Мәжіліс жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеп жатыр. Оның таныстырылымы кезінде қызу талқылау болды. Әрине, түрлі платформадағы талқылауларға, сарапшылардың ұсыныстарына қарамастан, жоба әлі де біз ойлағандай деңгейге жетпей жатыр, толық пісіп-жетілуі керек, – деді А.Сарым.

 Депутат түзету енгізе бермейтін, болашақта тұрақты жұмыс істейтін кодексті қабылдау міндеті тұрғанын атап өтті. Ол кәсіпкерлерді ашық жұмыс істеуге, салық төлеуге мәжбүрлемей, ынталандыруы қажет. Бұл ретте оның басты міндеті «салықты төлеу оны төлемеуден арзанырақ» болуы керек.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа Салық кодексі жобасының салық саясаты бөлігіндегі негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Ол бұл жоба салық төлемдерін азайтуға, салық жеңілдіктерін оңтайландыруға, корпоративті табыс салығы мөлшерлемесін саралауға және арнайы салық режимдерін реформалауға бағытталғанын айтты. Сондай-ақ жекелеген нормативтік құқықтық актілерде жер қойнауын пайдаланушылар мен жеке тұлғалар үшін инвестицияларды ынталандыру және салықтық реттеу қарастырылған.

 Сонымен қатар Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі деп аталатын түрі енгізіліп, салық есептілігі қысқартылып, адал салық төлеушілерге бақылау азаятынын атап өтті. Салық тәуекелдерін басқару, қосымша құн салығын әкімшілендіру, мәжбүрлеп өндіріп алу, кейінге қалдыру және бөліп төлеу жоспарларын ұсыну және басқа да ережелер қамтылған.

 Талқылау барысында Мәжіліс депутаты, кодекс жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиев, сарапшылар Ерлан Смайылов пен Наталья Малярчук, бизнес-қоғамдастық өкілдері мен сарапшылар өз ұсыныстарымен бөлісті.

 «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі Тимур Жәркенов өз сөзінде жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу және талқылау барысында кәсіпкерлер мен Үкімет ұстанымдарының келіспеген тұстарына тоқталды. Атап айтқанда, ол әлеуметтік сала ұйымдары, медицина, сондай-ақ тұрғын үй жылжымайтын мүлікті бастапқы сату бойынша құрылыс салушылар үшін қосымша құн салығынан босату жеңілдіктерін сақтауды ұсынды.

 – Салық кодексінің жобасында кез келген нысандағы дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде ғана оларды өндіруге арналған материалдар мен жинақтаушы бұйымдарды сатуды және әкелуді қосымша құн салығын төлеуден босату бойынша шектеулер қарастырылған. Бұл ретте коммерциялық сегментте сатылатын дәрі-дәрмектерге қосымша құн салығы салынады. Ұсынылып отырған ереже тұтынушылар арасындағы теңгерімсіздікке, халық шығынының артуына және дәрі-дәрмек тапшылығы қаупіне әкеледі, – деді Тимур Жәркенов.

Жиын барысында кәсіпкерлердің де  пікірлері тыңдалды. Олар өздеріне таныс әрі қолайлы нормаларды алып тастауға бағытталған заңнамалық түзетулерге алаңдаулы. «Альянс МарКо» ЖШС директоры Оксана Марченконың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, салық органы камералық тексеру туралы хабарламаны орындалмаған деп жариялаған кезде тиісті шешім қабылдауға міндетті, бірақ Салық кодексінің жобасында бұл норманы алып тастау ұсынылып отыр. Сарапшылар мұның тиімсіздігін байқап отыр, өйткені салық төлеуші ​​бұдан былай камералық бақылау нәтижелері туралы толық әрі сенімді ақпарат ала алмайды және әкімшілік актіге сотта наразылық білдіру мүмкіндігінен айырылады.

 Кәсіпкерлер өз сөздерінде басқа да өзекті мәселелерге тоқталды. Айдос Сарым айтылған ұсыныстар Салық кодексінің жобасы бойынша алдағы жұмыс барысында Мәжілісте қаралатынын атап өтті. Сондай-ақ ол мәслихат депутаттарын Салық кодексінің жобасы бойынша Қоғамдық палата мүшелерімен пікір алмасуға және кәсіби ұсынымдар беруге шақырды, өйткені олардың Мәжілісте қаралып жатқан заң жобалары бойынша жұмыс топтарына ұсыныстар енгізуге мүмкіндіктері бар.

 Соңында вице-спикер Дания Еспаева жалпы Салық кодексінің жобасын талқылауға және жиынға белсене қатысқаны үшін мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдеріне алғысын білдірді.

 – Салықты азайту немесе жаңа салықтар енгізуден бас тарту туралы ұсыныстар жасалды. Дегенмен күні кеше біз биылғы және алдағы үш жылдық бюджетке өзгерістер мен толықтыруларды қарастырғанымызды ұмытпауымыз керек және қандай тапшылық бар екенін көріп отырмыз. Бюджетті толықтыру әдістерінің бірі – салық базасын ұлғайту. Сондықтан мен қатысушыларды, әсіресе сарапшыларды бюджет кірістерін ұлғайту мәселесінде мемлекеттің ұстанымын ескеруді сұраймын. Өйткені бүгінде шығыстардың 40 пайызы әлеуметтік салаға тиесілі. Бұл дегеніміз – жалақы, зейнетақы, білім беру, денсаулық сақтау және олар жыл сайын өсіп келеді, – деді Мәжілістің вице-cпикері.

Серіктес жаңалықтары