БҚО-да субсидияға бөлінген 20 млн теңгеден астам қаржы мақсатсыз пайдаланылған
Күні бүгінге дейін прокуратураның ұсынуы бойынша мемлекетке 14,7 миллион теңге қайтарылды
Батыс Қазақстан облысында субсидияға бөлінген қаржы мақсатсыз пайдаланылған. Бұл деректі Шыңғырлау ауданының прокуратурасы анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура мәліметінше, субсидия беру кезінде 20 млн теңгеден астам бюджет қаражатын теріс пайдалану фактілері анықталды.
«Мысалы, 2021 жылы 25 желтоқсанда шаруа қожалығы 442 асыл тұқымды қой сатып алуға өтініш беріп, 6 млн 630 мың теңге көлемінде субсидия алған. Талдау барысында бір жылдың ішінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан аталған малдың есептен шығарылғаны белгілі болды», - делінген хабарламада.
БҚО прокуратурасынан хабарлағандай, Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы ережеге сәйкес мал басының жыл бойы сақталуын (мал шығынының зоотехникалық нормасын қоспағанда) қамтамасыз ету міндеттелген. Осы талаптың бұзылуы салдарынан мемлекетке 6 млн 630 мың теңге материалдық шығын келтірілді.
«Заңды бұзу фактілері бойынша құзыретті органға тиісті қадағалау актісі енгізілді. Күні бүгінге дейін прокуратураның ұсынуы бойынша мемлекетке 14,7 миллион теңге қайтарылды. Қалған соманы өндіру атқарушылық іс жүргізу тәртібінде жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан.